Аймақтар • 11 Шілде, 2017

Петропавлда халықаралық иттер көрме-байқауы өтті

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-ші рет ұйымдастырылған  дәстүрлі көрме-байқауға Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген өкілдер қатысып, төрт аяқты үй хайуандарының 50-ден астам тұқымын жұртшылық назарына ұсынды.

Петропавлда халықаралық иттер көрме-байқауы өтті

«Жыл өткен сайын шараның танымдылығы артып келеді. Астана, Мәскеу, Бішкек, Новосібір, Омбы, Түмен, Челябі, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай қалаларынан өтініш көп түсті. Мұндағы мақсат – жеті қазынының бірінің түрлі тұқымдарын көрсету, ең әлеуеттілерін іріктеп алу», дейді Петропавл қалалық «Барри» иттерді ұстайтын әуесқойлар клубының төрайымы Ирина Подскребкина.

Түменнен келген кинолог, хэндлер Елена Тиунцева байқауға америкалық акита, стаффорд, икуттық лайка, бигель және басенджи тұқымдарын алып келіпті. Әрқайсысы 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін бағаланатын көрінеді. Ал «Батлер» есімді  ағылшын бульдогының иесі Лариса Султанова оны 600 мың теңгеге сатып алыпты. Бишон фризе тұқымына жататын декоративті иттердің кербез жүріс-тұрысы, әсіресе, балалардың керемет қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, ирландиялық бөрібасар, алабай, тазы, хаски, чау-чау, такса, лабродор сияқты түрлері де ұшырасты.

Сыртқы келбеті, ерекше тұрқы жағынан бір-бірінен асатын төрт аяқты «достарымыздың» арасынан жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына оңайға түскен жоқ.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»